Қазақстан Республикасының Конституциясы (2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған)

Предыдущая страница

2. Əр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздерін құрметтеуге міндетті.

 

37-бап

1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға жəне табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.

2. Мемлекет адамның өмір сүруіне жəне денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.

3. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілерді, мəн-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сəйкес жауаптылыққа алып келеді.

 

38-бап

Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды жəне өзге де міндетті төлемдерді төлеу - əр адамның борышы мен міндеті.

 

39-бап

1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның əр азаматының қасиетті парызы мен міндеті.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары əскери қызметті заңда белгіленген түрде жəне көзделген тəртіппен өткереді.

 

40-бап

Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи жəне мəдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мəдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті.

 

41-бап

1. Адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тəртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен жəне қажетті шамада ғана шектелуі мүмкін.

2. Этносаралық жəне конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін əрекет конституциялық емес деп танылады.

3. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12, 14, 16, 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.

 

 

III бөлім

Президент

 

42-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде жəне халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.

2. Қазақстан Республикасының Президенті - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адамның жəне Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарының нышаны əрі кепілі.

3. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді əрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

 

43-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кəмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сəйкес жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.

Конституцияға сəйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар жəне мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі жəне Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.

4. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.

5. Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.

 

44-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мəртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деп халыққа ант берген сəттен бастап қызметіне кіріседі.

2. Ант беру рəсімі сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.

3. Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен сəттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.

 

45-бап

1. Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқығы жоқ.

 

46-бап

Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі жəне сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;

2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті жəне кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады жəне оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;

4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Премьер-Министрді тағайындайды; Премьер-Министрді лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мəселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкілді тағайындайды жəне оларды лауазымынан босатады;

6) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын жəне есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады жəне қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды жəне лауазымынан босатады;

7) Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды жəне кері шақырып алады;

8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.

Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды жəне лауазымынан босатады;

10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;

11) адамның жəне Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сəйкестігін қарау туралы жəне Конституцияның 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;

12) Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді жəне халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктері басшыларының, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім жəне кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;

13) мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды белгілейді;

14) мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары əскери жəне өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дəрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;

15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мəселесін, саяси баспана беру мəселесін шешеді;

16) кешірім беруді жүзеге асырады;

17) Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігі мен аумағының тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе жəне бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен жəне Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мəн-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;

18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында соғыс жағдайын енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;

19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;

20) Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігін құрады;

21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;

22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сəйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

47-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде жəне олардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді жəне оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сəйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді жəне оған актілердің Конституция мен заңдарға сəйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.

 

48-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.

Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару кезіндегі əрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық жəне əкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.

2. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету жəне күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне қолданылады.

 

49-бап

1. Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

2. Вице-Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.

3. Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен жəне басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

50-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына мəлімдеме беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің орнынан түсу туралы мəлімдемені өзі жəне өз еркімен бергенін растайды. Конституциялық Сот қорытынды берген сəттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан жəне тиісті медицина салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім комиссияның қорытындысы негізінде жəне Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рəсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы негізінде Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.

3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін атқару кезіндегі əрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапты болады жəне бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу жəне оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі көтереді. Бұл мəселе бойынша шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады жəне оның нəтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысының қарауына шығарылады. Бұл мəселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың негізділігі туралы қорытындысы жəне Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рəсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сəттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, бұл Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы айыпты қабылданбады деп тануға алып келеді. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мəселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.

4. Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мəселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мəселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.

 

51-бап

1. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Вице-Президентке өтеді; Вице-Президенттің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Құрылтай Төрағасына өтеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін Құрылтай Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Премьер-Министрге өтеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мəлімдеме береді. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мəлімдемені осы тұлғаның өзі жəне өз еркімен бергенін растайды жəне қорытынды береді.

Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Конституцияда көзделген тəртіппен жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы жариялайды. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Осы баптың 1-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ.

 

 

IV бөлім

Құрылтай

 

52-бап

1. Қазақстан Республикасының Құрылтайы - заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы.

2. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады жəне жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.

3. Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда жəне белгіленген тəртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

4. Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады.

 

53-бап

1. Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тəртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.

2. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі - бес жыл.

 

54-бап

1. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

2. Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

3. Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады.

4. Құрылтай депутаттарының сайлауы конституциялық заңмен реттеледі.

5. Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.

 

55-бап

1. Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс береді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының отырыстарына дəлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.

2. Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.

3. Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр жəне аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп əкелуге, сот тəртібімен қолданылатын əкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат орнынан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен əрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жəне Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.

Құрылтай депутаты:

1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;

4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;

5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.

Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.

5. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 2-тармағының талаптарын жəне депутаттық əдеп қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен жəне қол сұғылмау кепілдігінен айыруға байланысты мəселелерді дайындау Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.

 

56-бап

Құрылтай:

1) конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды;

2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;

3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;

4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;

5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;

6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;

8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;

9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;